Аймақтар • 22 Сәуір, 2018

Қостанайда болашақ жаңа қаланы дамыту ісі қаралды

228 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Осыдан біраз уақыт бұрын Қостанай облысында жаңа қала пайда болатыны туралы хабардар еткенбіз. Қостанай қаласының іргесіндегі  Қостанай ауданының орталығы болып келген Затобол поселкесіне қала мәртебесін беру туралы  жергілікті мәслихатта шешім қабылданған болатын.

Қостанайда болашақ жаңа қаланы дамыту ісі қаралды

ng.kz

Жұртшылық жиын өткізіп, болашақ қаланың атын Тобыл деп қоюға ұйғарым да жасап қойған. Қала мәртебесін  сұраған құжаттар қазір республика басшылығына  жіберілген, егер  Елбасы қол қойса, Қостанайға қанаттас қала қанат қағады.

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қатысқан мәжілісте болашақ қаланы дамыту мәселесі қаралды.  Қостанай ауданының әкімі Қайрат Ахметов алдымен ауданның бүгінгі экономикалық-әлеуметтік көрсеткіштерін айтып өтті. Соңғы екі жылда  аудан бюджеті 5,8 млрд теңгеге артты, яғни 7,5 млрд теңгеден 13 млрдтан астам теңгеге  өсті.  Аудан халқының саны 70 463 адам, соның 51 пайызынан астамы аудан орталығы мен оған іргелес Заречное және Мичурин  селоларында тұрады. Бұл селолардың екеуі де болашақ қалаға қосылатын болады.

Қайрат Ахметов болашақ қалаға ең  алдымен   16 МВт қуатты подстанция қажеттігін, оның құны 2,2 млрд теңгеге түсетіндігін айтты. Оның сыртында жолдарды жөндеу, ауыз сумен қамтамасыз етуді, канализацияны кеңейту, тұрғын үйлер мен денсаулық сақтау, мәдениет саласы нысандарын салу,  қаланы көркейту мен көгалдандыру жұмыстары жүргізілетіндігін айтты. Олардың барлығы да миллиондаған  теңге қаржыға түсетіні белгілі, аудан әкімі  ол қаржының  алдын ала  болжамды көлемін де ортаға салды.

Облыс әкімі  Архимед  Мұхамбетов аудан әкімі Қайрат Ахметовтен  ауданның өндірістік-инновациялық дамуы жоспарын сұрады. Аудан әкімі  оған өндірістік жобалар жасауға еш мүмкіндік жоқ екенін, өйткені подстанция қуаты жетпейтіндіктен электр энергиясы тапшы екендігін айтты.

Болашақ қаланы дамыту үшін тек бюджеттен ала берген болмайтындығын, бюджетті толтыру жағын да ойластыру керектігін ескертті облыс әкімі.

– Өндірісті дамытуға инвестор,  әлеуметтік нысандар салуға  мемлекет пен жекенің  әріптестігін тиімді пайдалану керек, – деді  облыс әкімі Архимед Мұхамбетов. Ол болашақ қала үшін жасалып отырған бүгінгі жоспардың барлығы да  алдағы уақытта орындалатындығын, оған  уақыт және тиімді жұмыстар жүргізу керектігін айтты. 

Нәзира Жәрімбет

«Егемен Қазақстан»

Қостанай облысы,

Қостанай ауданы